АЛМАТЫ, 22 маусым – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өткізді. Алқалы жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі сын-қатерлер талқыланды, деп хабарлады Ақорда.
Тоқаев саяси реформалармен қатар экономикалық және құқықтық өзгерістер де жүзеге асырылуы қажет екенін атап өтті. Үкімет пен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын әзірлеу барысында бүгінгі талқылаудың нәтижелерін ескеру жөнінде тапсырма берілді.
"Жиын барысында энергетика саласы мен тиімді тариф саясатын дамыту жөніндегі шараларға баса мән берілді. Мемлекет басшысы "Тарифті инвестицияларға айырбастау" бағдарламасын тиімді әрі уақытылы жүзеге асыру Үкіметтің басты міндеті екенін айтты", - деп жазылған хабарламада.
Президенттің айтуынша, жылу энергетикасы және энергия жүйесінің нысандары білікті кадрлармен қамтамасыз етілмеген. Осы орайда кадр тапшылығы мәселесін жедел шешу жөнінде тапсырма берілді.
Жиында ұлттық жобаларды әзірлеу мәселесі де қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев "Жайлы мектеп" және "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобаларын уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды.
"Қолжетімді интернет" жаңа ұлттық жобасы туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндады. Мемлекет басшысы министрдің баяндамасын тыңдап, аталған ұлттық жоба халықты қолжетімді және сапалы интернетпен қамтамасыз ету керек екенін баса айтты.
Жиында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын кешенді түрде дамыту мәселесі де талқыланды. Президент денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа бағдарламаны тиімді іске асырып, отандық өнімдерді кеңінен қолдануды тапсырды.