АЛМАТЫ, 21 маусым – Sputnik. Алматы-Атырау бағытындағы жолаушылар пойызында сәби дүниеге келді, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
Сәби дүние есігін 19 маусымда ашқан.
"Алматы-Атырау бағытындағы 29/30 жолаушылар пойызының бригада мүшелері Ноғайлы стансасына жетпей шұғыл түрде жолаушыны босандырып алды. Толғағы келген әйелге жолсеріктер барынша көмектескен. Жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақырылды. Жолсеріктердің арқасында өмірге аман-есен ұл келді", - делінген ведомство хабарламасында.
Әйелді босандырған жолсеріктер - Балғаным Қарин, Ақмамық Бекенова және Марал Әділбекова.
Сағыз стансасына жеткен соң жаңа туған нәрестемен анасы жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылды.
Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын 25 мамырда дәл осы "Атырау — Алматы" 29/30 жолаушылар пойызында қыз бала дүиеге келген болатын.
Ол кезде де жолсеріктер Жанар Тасмағамбетова, Айғаным Сұлтанмұратова және Ғалия Қайырденова түнгі сағат 21:52-де әйелді аман-есен босандырып алған.
Пойыз Қазалы станциясына келіп тоқтағанда сәбиді анасымен бірге жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.