АЛМАТЫ, 21 маусым – Sputnik. Павлодарлық полицейлер WhatsApp арқылы порнографиялық бейнежазбалар таратқан ауыл тұрғынын анықтады, деп хабарлады Polisia.kz.
"Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде 200 пайдаланушыдан тұратын WhatsApp мессенджер тобында порнографиялық мазмұндағы бейнематериалды жариялау фактісі анықталды", – деді Павлодар облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Оның айтуынша, бейнежазбаларды 1964 жылы туған ауыл тұрғыны таратқан. Факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 311-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Психологиялық-криминалистикалық сараптама жасалады.
Сондай-ақ полицейлер "STOP-трафик" жедел алдын алу іс-шарасы кезінде мәжбүрлі еңбек, адамдарды ұрлау және пайдалану үшін заңсыз бас бостандығынан айыру фактілерін анықтау үшін шаруа және ферма қожалықтарын, ауыл шаруашылығы алқаптары мен құрылыс объектілерін тексерген.
"Нәтижесінде ақшалай сыйақы үшін интимдік қызмет көрсетумен айналысатын 23 адам анықталды", - дейді Ғабит Қабдрахманов.