АСТАНА, 21 маусым – Sputnik. Қарағанды қаласында қатты дауыл кезінде жасанды көгал бірге ұшып кеткен баланың ата-анасы жауапты адамдарды жазалауды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.
Сүйегі бірнеше жерден сынған бала спорт үйірмесінен келе жатқан. Ауладағы алаңқайда көп жүрген жоқ. Кенеттен қатты дауыл көтеріліп, жасанды көгалмен бірге екі баланы қаңбақша ұшырып әкеткен.
8 жастағы оқушы ауыр жарақат алды. Күні кеше оған үш бірдей ота жасалды. Алдымен баланың маңдай сүйегін қалыпқа келтіріп, үстіңгі және астыңғы жақ сүйектерін қайта жинапты. Одан кейін сынған иығына ота жасалды.
"Осыдан екі-үш апта бұрын газонды салып кетті. Газон мүлдем қоршалған да жоқ. Ешқандай ата анаға ақпарат берілген де жоқ, "Бұл газонда ойнауға болмайды, балаларыңызды жібермеңіздер" деген ақпарат та ілінген жоқ. Газонды төседі де кетіп қалды, ол газон бекітілмеген. Ол кісілер екіүш апта бойы қайда болды?! Газонды неге бекітпеген?!", - дейді зардап шеккен баланың туысы Мақпал Шәмшиева.
Айта кетері, екінші бала қатты зардап шеккен жоқ. Қазіргі кезде жалпы палатада ем алып жүр. Ал полиция қауіпсіздік ережелерін сақтамай қызмет көрсету бабымен қылмыстық іс қозғады.