АСТАНА, 17 маусым – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда айтылған ой-пікірлерді мұқият зерделеуге тапсырма берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Түркістан қаласында ұлттық құрылтайдың екінші отырысы басталды. Тоқаев алдымен биылғы жиынды Түркістан қаласында өткізудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
"Біз қазір бабаларымыз кеңес құрған әйгілі Күлтөбенің іргесінде отырмыз. Әбіш Кекілбаев "Қазақ рухының қағбасы" деп атаған Ордабасы осы жерге тиіп тұр. Осынау әйгілі төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқан. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді. Сондықтан, осы аймақты басқарып отырған басшыларға зор жауапкершілік жүктеледі", - деді президент.
Оның айтуынша, кешеден бері бірнеше тақырып бойынша жан-жақты, қызу талқылау болды. Құрылтайға қатысушылар үкімет мүшелерімен пікір алмасты, өз ойларын ортаға салды. Тың бастамалар көтерілді.
"Президент Әкімшілігі соның бәрін мұқият зерделейді. Ортақ бір тұжырымды әзірлейді. Салмақты ұсыныстар алдағы жұмыс кезінде міндетті түрде ескеріледі. Пікірталасқа белсене қатысқан барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін", - деп атап көрсетті. Тоқаев.