АСТАНА, 17 маусым – Sputnik. Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Марал ишан – барша қазаққа танымал тұлға. Ол Кенесары ханның үзеңгілес серігі болды.
"Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды ", - деді Тоқаев ұлттық құрылтайдың екінші отырысында.
Президенттің айтуынша, жақын арада құнды жәдігер Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына табысталады.
"Құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаны абзал. Сондықтан, Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын. Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік", - дейді президент.