Шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны аяқталуға жақын - ІІМ

Sputnik
АСТАНА, 17 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрлігі шетелдік көліктерді заңдастыру науқанының аяқталуына екі апта қалғанын хабарлады.
Биыл қаңтар айында 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру шаралары басталды. Осы уақытқа дейін 161 мың автокөлік заңдастырылды, тағы 13 мыңнан астам көлік иесі құжат тапсырды. Бұдан бөлек, 7 мыңға жуық автокөлік-конструктор есепке қойылды.
Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев 1 шілдеге дейін өтінім беруге болатынын еске салды. Одан кейін өтінімдерді қабылдау тоқтатылады. Заңдастыру мерзімі ұзартылмайды.
"Одан кейін шетелдік есепте тұрған автокөліктерді Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұзып пайдалануды жалғастырған азаматтарға тиісті шаралар қабылданатын болады", - дейді Сұлтанбаев.
Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және заңдастырылмаған автокөліктерді 5 жылға уақытша есепке қоюға рұқсат беріледі.