Оқиға

Атырауда суға батып кеткен ағайынды жасөспірімдердің бірінің денесі табылды

Sputnik
АСТАНА, 17 маусым – Sputnik Қазақстан. Атырауда Жайық өзеніне батып кеткен ағайынды жасөспірімдердің бірінің денесі табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, Жайық өзеніне батқан ағайынды екі жасөспірімді іздеу жұмыстарын 13 маусымнан бері жалғасып жатыр.
"13 маусым күні бір топ жасөспірім Атырау қаласының маңындағы Геолог елді мекені тұсында Жайық өзеніне шомылуға барған. Жасөспірімдер шомылуға тыйым салынған белгі орнатылған тұста суға түскен. Алайда 2007 және 2008 жылғы ағайынды жасөспірімдер Жайық өзеніне батып кеткен", -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жедел құтқару жасағының сүңгуір-құтқарушылары 13 маусымнан бері жалпы ауданы 400 шаршы метрден астам, 2 метрден 17 метрге дейінгі тереңдікте суасты сүңгу жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде 16 маусымда жергілікті уақыт бойынша сағат 15:10-да бір жасөспірімнің денесі судан шығарылған.
"Жасөспірімнің бірінің денесі суға шомылған жерден 20 метр радиуста, 12 метр тереңдіктен табылды. Оның 2008 жылғы жасөспірім екені анықталды. Құтқарушылардың көмегімен мүрдені судан шығарды", -деп мәлім етті ведомство.
16 маусымда Жайық өзенінде ағыстың жылдамдығы секундына 2,7 метр болған. Өзен ағысының жылдамдығы секундына 2 метр болса, суасты іздеу жұмыстарына рұқсат етіледі. Сондай-ақ, су астында бөгде заттардың көп кездесуі, судың лай болуы көріну деңгейін қиындатқан.
Су астынан іздестіру-құтқару жұмыстарына 10 құтқарушы, 4 жүзу құралы тартылған.
Қосшыда 13-тегі жасөспірім суға батып кетті