Қаза тапқан орманшылардың отбасыларына 7 млн теңгеден беріледі

Sputnik
АСТАНА, 13 маусым – Sputnik. ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою және одан зардап шеккен отбасыларға қажетті қолдау шараларын көрсету мәселелері жөнінде жедел кеңес өткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Кеңес төтенше жағдай кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың баяндауынша, 11 маусым күні кешке жел екпіні секундына 18 метрге дейін жетіп, өрт негізгі ошақтан оңтүстік бағытта таралған. Атап айтқанда, Талица ауылына қарай қалың түтін жүріп, орманның төменгі жағы өртенген. Елді мекенді қорғау үшін өрт сөндіру техникасы жедел іске қосылып, нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталды.
Түнде өртті сөндіру жұмыстары үш бағытта жүрді: оңтүстік, батыс және солтүстік-шығыс. 12 маусымда таңғы сағат 06:00-ден бастап өрт сөндіру жұмыстары қайта басталды. Қазіргі уақытта 1 530 адам, 320 техника және 14 тікұшақ жұмылдырылған.
Әлихан Смайылов 10 күн ішінде оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тиісті қорытынды жасауды тапсырды.
Қаза тапқандардың отбасыларына "Қазақстан халқына" қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 млн теңгеден төленетін болады.
Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды.
Сонымен қатар 40-тан астам қазақстандық жоғары оқу орны өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын беруге дайын. Оған қоса ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделген.
Абай облысындағы орман өрті
Абай облысында өрттен қаза болған 14 орманшының тізімі мен фотосы жарияланды