АСТАНА, 13 маусым – Sputnik. Қазақстанда инфляция бірнеше ай қатарынан баяулап келеді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, жылдық мәндегі азық-түлік инфляциясы ақпан айындағы ең жоғарыкөрсеткіш 26,2%-тен 16,5%-ке дейін баяулаған. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы – 17,2%-ке, ақылы қызметтер инфляциясы 13,5%-ке дейін бәсеңдеді.
Пірматов азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша бензин мен дизель отынының шекті бағалары көтерілгендіктен, жанар-жағармай бағасы өскенін атап өтті.
"Қазақстандағы инфляция үш ай қатарынан баяулап, мамыр айында жылдық мәнде 15,9%-ке дейін төмендеді. Инфляцияның айлық деңгейі 0,6%-ті құрады. Ұлттық банк инфляцияның баяулау үрдісі одан әрі жалғасады деп күтеді", - деді Ғалымжан Пірматов үкімет отырысында.
Айтуынша, сыртқы экономикалық конъюнктураның жақсаруы инфляцияны тежеуге ықпал етеді. Ол азық-түліктің одан әрі арзандауынан және сауда-серіктес елдердегі төмен инфляциядан байқалады.
Пірматов биыл 26 мамырда Ұлттық банк тәуекелдер балансын ескере отырып, базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдағанын еске салды. Айтуынша, бұл елдегі инфляцияны одан әрі баяулатуға ықпал етеді.