Өңірлер

Адам тағдырына мүлде немқұрайлы қарау байқалды - президент штаб отырысын өткізді

Sputnik
АЛМАТЫ, 11 маусым - Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді.
Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысы табиғат апаты кезінде қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
"Елімізде тағы да алапат өрт болып жатыр. Өкінішке қарай, тілсіз жаумен күрес кезінде азаматтарымыз қайтыс болды. 14 адам қызметтік міндетін атқарып жүріп ерлікпен қаза тапты. Мен жаңа ғана бұл адамдардың туысқандарымен кездестім. Өте ауыр әңгіме болды. Жұрт жылап отыр. Үкіметке наразылығын айтып жатыр. Марқұмдардың отбасыларына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын", - деді Тоқаев.
Президент сондай-ақ алда ауқымды жұмыс бар екенін айтты. Жалпы бұл салада түйткілдер, шешілмей жатқан мәселелер аз емес. Қазіргі таңда негізгі міндет – жұмысты сапалы жүргізу дейді Тоқаев.
"Біздің жағдайымызда кәсіби салғырттық, адамдардың тағдырына мүлде немқұрайлы қарау байқалды. Қазір бұған тағы да көз жеткіздім. Ал, қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет", - деді мемлекет басшысы.
Президент министрліктің жұмысына да сын айтты.
"Министрлік, оның басшылары өз қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай апаттар болып отыр", - деді Тоқаев.
Оқиға
Тиісті органдар апат ауқымы бойынша қате болжам жасаған - Тоқаев