Өңірлер

Абай облысында мың жарым адам 5 учаскеде өрт сөндіріп жатыр

Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ
Sputnik
АСТАНА, 11 маусым – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрлігі Абай облысындағы орман өрті бойынша соңғы ақпаратты жариялады.
"Қазіргі уақытта Абай облысында 5 учаскеде өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Өртті сөндіруге ТЖМ, орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 290-нан астам бірлік техника жұмылдырылған", - деп хабарлайды ведомство.
Өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына су төгу үшін тікұшақтар тартылды. Өрт сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 486 рет 1 000 тоннадан астам су төгілді.
"Қазіргі уақытта өрттің елді мекендерге таралу қаупі жоқ, жағдай бақылауда тұр", - деп сендірді ТЖ министрлігі.
Алматы қаласы, Алматы облысы ТЖ департаменттерінен жіберілген күштер мен құралдар, Қарағанды мен Алматы облыстарынан ТЖМ 52859 және 28237 әскери бөлімдердің әскери қызметкерлері өртті сөндіруге кірісті. Арнайы жіберілген жылжымалы басқару пункті өз функциясын атқарып жатыр.
ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы филиалдарының қызметкерлері қажет болған жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсетуге дайын.
Апаттар медицинасы орталығы филиалдарының шұғыл медициналық көмек көрсету бригадасының құрамына дәрігерлер, медицина қызметкерлері, санитар-жүргізушілер, санитариялық көлік, арнайы автокөлік және далалық госпитальға арналған пневмокарк модульдер кіреді.
Қауырт желіге 94 қоңырау түскен. ТЖМ және ТЖД қауырт желі телефондары: 8 7172 53 32 84, 8 722 235 38 31.
Қазгидрометтің болжамынша, 11 маусымда күндіз Абай облысының оңтүстігі мен шығысында аздап жаңбыр жауады, найзағай ойнайды. Солтүстік-батыстан күші 9-14 м/с жел соғады, күндіз облыстың оңтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с дейін барады. Ауа температурасы 22-27 градус, облыстың оңтүстігінде 32 градус болады деп күтілуде.
Абай облысындағы орман өрті
Абай облысында өрттен қаза болған 14 орманшының тізімі мен фотосы жарияланды