АСТАНА, 10 маусым – Sputnik. Абай облысындағы орман өртін сөндіруге екі өңірден әскерилер тартылды.
"Төтенше жағдай министрі Юрий Ильиннің өкіміне сәйкес бүгін таңғы сағат 4-те өрт орнына Қарағанды мен Алматы облыстарынан ҚР ТЖМ 52859 және 28237 әскери бөлімдерінің әскери қызметкерлері жіберілді. Қазіргі уақытта Абай облысында 3 учаскеде: Поднебесное, Успенка ауылдарында, Каштак орманшылығында өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр", - деп хабарлады ТЖ министрлігі.
Аэровизуалды тексеріс жүргізілуде.
Сонымен қатар, өрт орнына қосымша арнайы байланыс құралдарымен жарақтандырылған жылжымалы басқару пункті жіберілді. Басқару органы ол жерден де төтенше жағдай аймағында өз функцияларын жүзеге асырады.
ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісовтің айтуынша, қазір жағдай тұрақталып келеді. Алайда аптап ыстық пен жел өртті сөндіру жұмыстарын қиындатып тұр.
"Таңертеңнен бастап тікұшақпен өртті барлау жұмыстары жүріп жатыр. Таңғы алтыдан 8 тікұшақ өртті сөндіруге кірісіп кетті. Одан бөлек барлық техника мен жеке құрам жұмылдырылды", - деді ол.
Тілсіз жаумен күреске қорғаныс министрлігінің күштері де тартылған.