АСТАНА, 9 маусым – Sputnik. Абай облысында өрт аумағында орман шаруашылықтарының 14 қызметкерімен байланыс үзілді. Оларды іздеп жатыр.
9 маусымда премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысындағы табиғи өртті сөндіру бойынша ТЖМ Ахуалдық орталығының базасында Жедел республикалық штаб отырысын өткізді.
Сағат 16.00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге жеке құрамнан 662 адам және 177 техника, 6 тікұшақ жұмылдырылған. Авиациялық техникамен өртті сөндіру үшін 80 рет жалпы көлемі 192 тонна су шашылды.
"Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарының 14 қызметкерімен байланыс үзілген. Оларды іздеу шаралары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Орман өртінің өршіп бара жатқанын ескеріп, Астана қаласы және Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменттерінен қосымша 133 адам және 48 техника, сондай-ақ 4 тікұшақ жіберу туралы шешім қабылданды.