Қазақстандық оқушылар Қырымға кеткен: министр қандай өзгеріс енгізілетінін айтты

Қазір оқушылар елге оралды, ата-аналарының қасында
Sputnik
АСТАНА, 6 маусым – Sputnik. Енді қазақстандық оқушыларды шетелге жіберу үшін оқу-ағарту министрлігі мен білім басқармасының тиісті рұқсаты қажет болады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет кулуарында журналистер министрден Қырымдағы "Артек" лагеріне кеткен оқушылар туралы сұрады.

"Балалардың бәрі аман-есен оралды, әке-шешесінің қасында. Бұл жерде бір нәрсені дұрыстап түсінуіміз керек. Бұл ата-аналардың еркімен жасалған дүние. Біз енді әрі қарай бұған жол бермеу үшін білім басқармасының бұйрығынсыз және министрлікке қарасты балалар құқығын қорғау комитетінің рұқсатынсыз балаларды шетелге жібермеу мәселесін қолға алып жатырмыз", - деді Бейсембаев.

Министр оқушыларды Қырымға әкеткен мұғалімге қатысты тиісті шара қолданылғанын атап өтті.
Бұған дейін Россотрудинство бағдарламасы бойынша қазақстандық оқушылар Қырымдағы "Артек" лагеріне кеткені хабарланған болатын. Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар білім беру ұйымымен байланыспай, балаларын өз бетінше жібергенін растады.