Министр 15 млн теңгеге сатылып кеткен мектеп жайлы: бас прокуратураға жүгінеміз

Sputnik
АСТАНА, 6 маусым – Sputnik. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматы облысында 15 млн теңгеге сатылып кеткен мектепке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, қазір мәселе бақылауда.
"Істің мән-жайын анықтаймыз, бұған дейін кеткен дүниелер ғой. Осыған байланысты бізде тіркелген барлық мектепті тексеруге тапсырма бердік. Осы жағдайға байланысты барлық мектепке ревизия жүргізу қажет деп санаймыз. Бас прокуратураға жүгінеміз", - деді Бейсембаев үкімет кулуарында.
Еске салсақ, кеше мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысында толық күрделі жөндеуден өткен мектеп ғимараты сатылып кеткенін мәлімдеді. Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломоносов атындағы 250 орынға арналған орта мектеп 15 млн теңгеге сатылған.
"Барлық ауыл баласы қуанып жүргенде, ауыл мектебін жекеге сатып жіберген. Оны әкімдіктен басқа кім сатады? Оны 15 млн теңгеге сатқан. Прокуратураға "Қайда қарап отырсыңдар?" деп айттық. Олар сот шағымын қабылдамайтынын, шамасы жетпейтінін айтып отыр", - деді депутат.
Мәжілісмен білім ошағын екі ай ішінде қайтаруды талап етті.
Ашылмай жатып жабылған мектеп: Талғар ауданындағы білім ошағын жөндеуге тағы қаржы бөлінді