Ашылмай жатып жабылған мектеп: Талғар ауданындағы білім ошағын жөндеуге тағы қаржы бөлінді
15:20 13.04.2023 (жаңартылды: 15:24 13.04.2023)
© Айдана ДайыроваАлматы облысы, Дәулет ауылындағы мектеп
© Айдана Дайырова
Жазылу
АЛМАТЫ, 13 сәуір - Sputnik. Алматы облысы Талғар ауданы Дәулет ауылында ашылмай жатып жабылған мектепте жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ.
Былтыр қарашада Sputnik Қазақстан небәрі 1 жыл пайдаланылып, апатты деп танылған мектептің мәселесін көтеріп, онлайн оқуға мәжбүр оқушылардың мұңын тыңдаған еді.
Содан бері бірнеше айдың жүзі болды, уәделі жұмыс әлі аяқталмады. Қаңтарда қайта ашылады деп жоспарланған жаңа мектептің жөндеу жұмыстары енді мамырда аяқталмақ.
© Айдана ДайыроваДәулет ауылындағы құрылысы бітпей тұрған мектеп
Дәулет ауылындағы құрылысы бітпей тұрған мектеп
© Айдана Дайырова
Алматының іргесінде орналасқан Дәулет ауылында су жаңа мектептің жыр болғанына екі жыл болды. Мектеп апатты деп танылып, оқушылар былтырғы оқу жылының жартысын онлайн оқыды.
Енді оқушылар мен мұғалімдер ескі мектепті паналауға мәжбүр. Бұл ғимарат кәдеге жарамайтындықтан жаңа мектеп салынған болатын.
"Бұл мектепке демеушілер жөндеу жасап берді. 700-ге жуық бала екі ауысыммен оқып жатыр. Оқу жылы біткен соң бұл мектепке де күрделі жөндеу жасаймыз деп жоспарлап отырмыз", - дейді мектеп директоры Айгүл Махметова.
© Айдана ДайыроваОқушылар мен мұғалімдер ескі мектепті паналауға мәжбүр
Оқушылар мен мұғалімдер ескі мектепті паналауға мәжбүр
© Айдана Дайырова
Жаңа мектептің құрылысы 2017 жылдың желтоқсанында басталып, 2019 жылы тамызда пайдалануға берілген. Алайда бір жылдан соң жаңа мектептің едендері бірнеше сантимерге отырып қалды. Үш қабатты мектептің шөгіп кеткен еденін биіктету үшін әр құрылыс бригада бір келіп, қабат-қабат цемент құйған. Ғимараттың үшінші қабатында да жарықшақ пайда болған.
Қазіргі күні мектепте "Еламан" ЖШС жұмыс істеп жатыр. Олар да экс-құрылысшылар сияқты өз шаруасына шаң жұқтырмайды.
"Еденнің барлық жерін 3,5 метрге дейін тереңдікте қазып, сұйық әйнекті қысыммен құйдық. Бетондалды. Сосын 65 см қазып балласт төседік. Іргетасы сол қалпы, тек еден отырып кеткен ғой. Отыз жылға шыдас береді деп үміттеніп отырмыз", - дейді ЖШС қызметкері Бақытбек Кеңесбаев.
© Айдана ДайыроваДәулет ауылындағы құрылысы бітпей тұрған мектеп
Дәулет ауылындағы құрылысы бітпей тұрған мектеп
© Айдана Дайырова
Алматы облысының әкімдігі мектептің жөндеу жұмыстарын аяқтауға биыл да қаржы бөлінгенін атап өтті.
"Дәулет ауылындағы мектептегі апатты жағдайды жоюға жергілікті атқарушы органның резервінен 2023 жылдың 23 ақпандағы облыс әкімінің қаулысы негізінде 320 млн 812 мың теңге бөлінді. Бүгінгі күні "Inter group Stroy Invest" ЖШС мердігерлік ұйымымен шарт жасалды. Өндірістік жұмыстар кестесіне сәйкес күрделі жөндеу 31 мамырда аяқталады, Бүгінгі күні жұмыстың 50%-і орындалды", - дейді облыстық әкімдіктегілер.
Мектепті салу үшін 2017 жылдың 23 қарашасында "Еламан" ЖШС-мен 1,6 миллиардқа келісімшарт жасалған. Жобалаушы - "Нұр Құрылыс - 80" ЖШС.
Былтыр қарашада аудандық білім бөлімі бізге төмендегідей уәж айтқан еді:
2020 жылдың қаңтар айында жерасты сулары деңгейінің көтерілуі салдарынан мектеп ғимаратының қабырғалары мен едені шөгіп қалды. Жобалаушылардың геологиялық барлау жұмыстарын дұрыс орындамағаны салдарынан осындай олқылықтар болған. Мектеп жер астында батпақ пен шөгінді топырағы бар аумаққа салынған.
"Жерасты сулары (кәріз) деңгейіндегі ауданда су бұру жүйесін құруға 62 млн теңге (су құбырын дайындауға 2 млн теңге, зерттеуге 2 млн теңге, құрылыс-монтаждау жұмыстарына 58 млн теңге) бөлінді. "ҚазҚСҒЗИ" АҚ-мен жасалған келісім негізінде (7 млн теңге сомаға) "Нұр Констракшн-80" ЖШС "белгіленген конструкциялар мен блоктардың 1,2 жобалық шешімдерге сәйкестігіне" қорытынды алынды. Оған сәйкес, мектеп ғимараты қанағаттанарлық жағдайда, яғни оқушылардың білім алуына қауіп жоқ", - деді аудандық әкімдіктегілер.
Сонымен қатар былтыр 9 қыркүйекте кәріз құбырына күрделі жөндеу жүргізуге конкурс жарияланды.
"Қосымша 51 млн 563 мың 926 теңге бөлінді. Конкурс нәтижесі бойынша "Теплоэнергострой" ЖШС-мен келісім жасалды, 11 қарашада сыртқы су бұру жұмыстары басталды. Мектептің сыртқы қоршауының периметрі бойынша жер 4 метр тереңдікке дейін қазылып, су жинау үшін құбырлар орнатылады. Сонымен қатар жобалау-сметалық құжаттаманы түзету үшін қосымша 20 млн теңге қажет, оның ішінде 7 млн 600 мың теңгесі аудандық білім бөлімінің үнемделген қаражаты есебінен, қалған сомасы 12 млн 400 мың теңгеге облыстық білім басқармасына өтінім берілді", - деген еді Талғар аудандық әкімдігі.
© Айдана ДайыроваЖаңа мектепті жөндеу жұмыстары мамырда аяқталады дейді шенеуніктер
Жаңа мектепті жөндеу жұмыстары мамырда аяқталады дейді шенеуніктер
© Айдана Дайырова
Жергілікті биліктің айтуынша, мектептің бірінші қабатын жөндесе болды, балалардың өміріне қауіп төнбейді.
Куә болғанымыздай, жөндеу жұмыстары әлі толық аяқталмаған. Оның қаншалықты сапалы әрі қауіпсіз екені туралы айту әлі ерте.