Өңірлер

Петропавлда ветинспектор базарларда құжатсыз ет сатуға жол берген - сот үкімі шықты

Sputnik
АЛМАТЫ, 5 маусым - Sputnik. Петропавлда пара алып, базарларда құжатсыз ет сатуға жол берген ветинспекторға сот 5 миллион 200 мың теңге айыппұл салды, деп хабарлады СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті.
Ол ет сатушылардан үнемі пара алып, қажетті анықтамалар мен құжаттарының жоқтығына көз жұмған. Петропавл қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы Жанарбек Бұсұрмановқа қатысты қылмыстық іс экс-шенеунік жұмыс істеген ұжымда қаралды.
"2023 жылдың ақпан-наурыз аралығында Бұсұрманов қызметтік жағдайын пайдалана отырып, "Привокзальный" және "Дария" қалалық базарларында ет өнімдерін көтерме сатып алуды және бөлшек саудада өткізетін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алған. Олардан тиісті ілеспе ветеринариялық құжаттар талап етілмеген", - дейді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның айтуынша, сотталушының қызметіне жауапты аумақтық инспекция бақылау жасамаған.
"Петропавл қалалық сотының үкімімен бас маман - мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор пара алғаны үшін сотталды. Оған параның 35 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды, бұл 5 миллион 200 мың теңге", - деп хабарлады департаментте.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасына қатаң сөгіс жарияланды.
"Сыбайлас жемқорлықты азайту үшін инспекторлар аудио және бейнетіркеу қызметін пайдалану керектігі айтылған. Осы талапқа қарамастан, Петропавлдың жеті базарында барлық бес инспектор Бұсұррмановтың ісін қарағаннан кейін ғана бейнетіркегіштермен қамтамасыз етілді", - деп атап өтті Антикор.
Министрлікке қарасты мекеменің басшылары сотталды