Күллі әлем қазақ елін көк байрағына қарап танитын болды - Тоқаев

Sputnik
АЛМАТЫ, 5 маусым – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы "Атамекен" этно-мемориал кешенінде өткен мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Ең алдымен, Құрмет қарауылы ротасының бастығы рәсімге дайындығы жөнінде Президентке рапорт берді. Содан кейін мемлекеттік әнұран шырқалып, көк байрақ көкке көтерілді.
Президент мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты
"Біз бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келеміз. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны ғарышкерлеріміз көк жүзіне көтерді. Альпинистеріміз әлемнің ең биік шыңдарына орнатты. Спортшылар жеңіс тұғырынан желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. Күллі әлем Қазақ елін көк байрағына қарап танитын болды, – деді мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты
Президент қастерлі нышандарымызды құрметтеу - әрбір азаматтың перзенттік парызы екенін айтты. Сол себепті бүгінгі салтанатты рәсімнің тағылымдық мән-маңызы зор, деді Тоқаев.
Президент мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты
"Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – күллі халқымызға қастерлі нышандар. Біз үшін Тәуелсіздік – ең қымбат құндылық, ал туымыздың асқақ желбірегені – аса биік мәртебе. Батыр бабаларымыз сын сағатта әрдайым бір тудың астында жиналған. Алаш туы арыстарымыздың жігерін жанып, намысын қайраған", - деді мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты
Салтанатты рәсім барысында жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстан президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды.
Шара соңында мемлекеттік күзет қызметінің, қорғаныс және ішкі істер министрліктерінің Құрмет қарауылы роталары президент пен жиналған қауым алдынан салтанатты маршпен жүріп өтті.