АСТАНА, 4 маусым – Sputnik. Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаментінің өкілдері Павлодардың жылу электр станцияларының қысқы маусымға дайындығын тексерді.
Энергетика министрлігінің инспекторлары қаладағы барлық жылу-электр станцияларын аралап, жөндеу жұмыстары барлық жерде дерлік кестеден кеш жүргізіліп жатқанын, себебі кәсіпорындарда жөндеуші мамандар жетіспейтінін анықтады.
Мысалы, "Павлодарэнерго" АҚ-ның ЖЭО-2 нысанындағы екі қазандық агрегаты мен екі турбоагрегатты жөндеу жоспарланған болатын. Алайда қазір бір ғана қазандық агрегатына жөндеу жүргізіліп жатса, ондағы нақты орындалған жұмыс көлемі 68%-ті құрайды. 28 маман жұмыс істеп жатыр және жөндеуді 1 шілдеге дейін аяқтау жоспарланған. Компания қалған жабдықтар бойынша жұмыс шілде айында басталады деп уәде берді.
Ал ЖЭО-3 нысанында жұмысы биылғы жылға жоспарланған үш қазандықтың бірінің жөндеу жұмыстарын аяқтау мерзімін кейінге шегеріп қойған. Тексерушілер іс жүзінде жұмыстар 85%-ке орындалғанын атап өтті. Жөндеу жүргізушілердің саны – 37 адам. 3 турбоагрегатта да осы жылдың 19 маусымына дейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 57%-ке орындалған жұмыстарды жеті адам жүргізіп жатыр.
Тексерушілердің пікірінше, "Павлодарэнерго" АҚ-да жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу үшін жөндеуші мамандар жетіспейді. Компанияның екі жылу электр орталығындағы бірқатар маңызды қондырғыны жөндеу жоспарына енгізбеуіне осы себеп болуы мүмкін.
"Қазақстан алюминийі" АҚ ЖЭО-1 нысанында да бірден екі қазандықты жөндеу жұмыстарын аяқтап үлгермей жатыр, дейді инспекторлар. Оның біреуін жөндеу жұмыстарының өзіне 123 адам жұмылдырылып, бүгінгі күнге дейін олар жұмыстың 51%-ін орындай алған. Кәсіпорын бір қазандықты 10 шілдеге дейін, екіншісін 29 тамызға дейін жөндеуді аяқтауды жоспарлап отыр. Жөндеу және тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.