АСТАНА, 3 маусым – Sputnik. Теннистен Қазақстан құрамасының көшбасшысы, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемнің 132-ші ракеткасы Сара Соррибес-Тормоға қарсы ойыннан бас тартқанын мәлімдеді, деп хабарлады испаниялық спорт журналисі Фернандо Руиз.
Белгілі болғандай, бас тартуға спортшының сырқаттанып қалуы себеп болған.
"Кеше өзімді нашар сезіндім. Дене қызуым көтерілді. Бүгін де өзімді нашар сезініп тұрмын. Мұндай күйде ойнау қиын болады. Дене қызуым көтеріліп, басым ауырып тұр, ұйқым дұрыс болмады", - деген қазақстандық спортшының сөзін "Спорт Шредингера" Telegram-арнасы жариялады.
"Екінші матчтан кейін ауру белгілерін сезе бастадым. Жолым болмады. Мен негізгі маусымға дейін сауығып кетуге тырысамын. Жоспар бойынша Берлин, Истбурн және Уимблдонда ойнауым керек еді", - деді Рыбакина.