Петропавлда аттракционда бес бала жараланды

Sputnik
АСТАНА, 2 маусым - Sputnik. Петропавлда орталық саябақтағы аттракционнан бес бала зардап шекті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға 1 маусымда мәдениет және демалыс саябағында болған. Куәгерлердің айтуынша, "Гусеница" аттракционы келе жатып, күрт тоқтаған. Салдарынан аттракционда отырған 3-12 жас аралығындағы балалар зардап шеккен.
Петропавл полиция басқармасы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"1 маусымда сағат 18: 59-да Петропавл қаласы полиция басқармасының 102 жедел каналына орталық мәдениет және демалыс саябағында аттракционның бірі істен шыққандығы, 3 пен 12 жас аралығындағы бес кәмелетке толмаған бала зардап шеккені туралы телефон арқылы хабарлама келіп түсті. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін зардап шеккендер үйлеріне жіберілді", - деп хабарлады полиция.
Бұл факт Петропавл қаласы полициясында тіркелді.
Орталық саябақта аттракциондарға жауапты "Аттракциондар әлемі" ЖШС-де де түсініктеме берді.
"Жоғары ауа температурасы мен үлкен жүктеме салдарынан аттракционда тежегіштің істен шығуынан бірнеше вагон күрт тоқтаған. Зардап шеккендерге дереу көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді. Қазіргі уақытта аттракцион жұмыс істеп тұрған жоқ, болған оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр", - делінген ЖШС хабарламасында.
Астаналық сарапшылар саябақта болған оқиғаның себептерін анықтайтын болады. Тек содан кейін ғана аттракционның мәселесі шешіледі.
"Биыл көктемде мауым басталмай тұрып, барлық аттракциондар пайдалану қауіпсіздігі туралы арнайы диагностикалық тексеруден өткен. Тексеруді Астана қаласының мәдени демалыс объектілерінің өнеркәсіптік қауіпсіздігі саласындағы тәуелсіз аттестатталған зертхана жүргізген болатын", - деп қорытындылады"Мир аттракциондар" ЖШС.
Ал дәрігерлер балалардың денсаулығына қауіп жоқ екенін айтты.
"Кеше кешке сағат 18 шамасында бізге үш бала жедел жәрдеммен жеткізілді, екі бала ата-анасының сүйемелдеуімен келді. Жарақаттарының барлығы жеңіл дәрежеде. Барлық зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Үш бала да үйде емделуге жіберілді. Ауруханаға жатқызылған жоқ",-деді облыстық көпсалалы балалар ауруханасының ортопед-травматологы Шыңғыс Нұрғалиев.
Оның айтуынша, балалардың денесі көгерген.
"Мұрындары сынған жоқ. Мұрынның артқы жағындағы жұмсақ тіндердің көгеруі, ауыз қуысының көгерген жаралары болды. Бір қыздың иек тұсы көгерген", - деді Шыңғыс Нұрғалиев.
Өңірлер
Қарағандылық әйелдің өлімі: аттракцион инструкторы қамауға алынды