АСТАНА, 1 маусым – Sputnik. KMG PetroChem мен Теңізшевройл газ бөлу кешенін салу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлады "ҚазМұнайгаз" компаниясының баспасөз қызметі.
Газ бөлу кешені құрылысын Теңіз кен орнының аумағында жүргізу жоспарланып отыр.
Негізгі шарттар жобаны іске асырудың базалық параметрін, ТШО-ның KMG PetroChem компаниясына құрғақ газ жеткізу мен техникалық қызмет көрсету бойынша алдын ала шарттарды және объектіні салу мен пайдалану кезеңінде үйлестіру бойынша басқа да мәселелерді бекітеді.
"Бүгін аталған құжатқа қол қою арқылы біз жоғары сапалы полиэтилен өндіретін ауқымды кешенді жүзеге асыруға бір қадам жақындадық",— деп атап өтті "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
"ТШО Қазақстан Республикасының елдегі индустрия мен экономиканың одан әрі дамуына серпін беретін мұнай-химия өнеркәсібін дамыту бойынша жоспарларына белсенді қолдау білдіруді жалғастырады", — деді ТШО бас директоры Кевин Лайон.
"KMG PetroChem" ЖШС — "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-тың 100 пайыз еншілес кәсіпорны. Кәсіпорын ҚМГ тобында мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларды іске асырып, үйлестіреді.
"КМG PetroChem" жобаланып отырған полиэтилен зауыты мен газ бөлу кешеніне, сондай-ақ тобында мұнай-газ химиясы саласындағы басқа да жобаларға жауапты.
"Теңізшевройл" ЖШС — мұнай, сұйытылған көмірсутек газдары, құрғақ газ және күкіртті игеру, өндіру және сатумен айналысатын қазақстандық жауапкершілігі шектеулі серіктестік.