Рим папасының Қазақстанға сапары: католик шіркеуіне бірқатар жеңілдік беріледі

Sputnik
АСТАНА, 1 маусым - Sputnik. Сенат депутаттары Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы өзара қатынастар туралы келісімге қосымша келісімді ратификациялау туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қосымша келісім 2022 жылы 14 қыркүйекте Рим папасы Францисктің Қазақстанға жасаған сапары кезінде рәсімделген болатын. Негізгі мақсаты - католик шіркеуінің шетелден келген мүшелеріне Қазақстанда тұрақты тұруға арналған рұқсат тәртібін реттеу. Олар католик шіркеуінің өзінде немесе соның мекемелерінде қызмет етеді.

"Осы қызметкерлер үшін тұрақты тұруға рұқсат алу тәртібі жеңілдетіліп отыр. Атап айтқанда, рұқсатты рәсімдеу кезінде төлем қабілеттілігін және тұратын жерін растаудың қажеті жоқ. Бұл талаптар католик шіркеуінің құзыретті органы берген жазбаша міндеттемелерімен ауыстырылады", - деді сенатор Андрей Лукин бүгінгі отырыста.

Осылайша, католик шіркеудің қызметкерлері Қазақстанға миссионерлік визамен 6 айға келе алады. Оны ұзарту құқығы шектеусіз болады. Ал шіркеу қызметкерінің тұрақты тұру рұқсатын жою үшін шіркеуінің құзыретті органы жіберген ескерту хаты жеткілікті. Сенаторлар заңды бірауыздан мақұлдады.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Қазақстанда католик шіркеуінің 232 шетелдік миссионері тұрып жатыр.
Қазақстанға келген Рим папасы Абайдың ілімін мысал етті