АСТАНА, 31 мамыр - Sputnik. Сауда үйінің дәретханасында құрбылары соққыға жыққан Өскемен колледжінің студентіне қатысты тергеу амалдары аяқталды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева мәлімдеді, деп хабарлайды жергілікті yk.kz порталы.
"Іс сотқа жолданды. Зардап шеккен қыздың туысы Тоқжан Досымова бұл ақпаратты растап, алғашқы сот отырысының уақыты 5 маусымға белгіленгенін айтты" – деп жазылған ақпаратта.
Іс бойынша үш қыз айыпталып отыр. Дегенмен тергеу барысында оқиғаға 14 адамның қатысқаны анықталды. Олар сол жерде болған, видеоға түсірген және тағы басқа.
Жәбірленушінің туысы сот отырыстары ашық, яғни журналистер және жұртшылықтың қатысуымен өтуін сұрағанын, бірақ бұл мәселеге қатысты соттың пікірі әлі белгісіз екенін айтты.
Еске сала кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын Өскеменде мектеп және колледжде оқитын қыздардың төбелесі әлеуметтік желіде жарияланған болатын.
Жастардың қатыгездігі талай адамның жанын түршіктірді, қоғам құқық қорғау органдарынан кінәлі адамдарды әділ жазалауды талап етті.