Қытаймен арадағы жеңілдетілген визасыз режим қашан басталады – СІМ жауап берді

Sputnik
АСТАНА, 29 мамыр – Sputnik. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қытаймен арадағы жеңілдетілген визасыз режимді енгізу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған мемлекеттік сапары кезінде тиісті келісімге қол қойылды. Осыдан кейін екі мемлекет өз ішінде қажетті заңнамалық рәсімдерді жасайды.
"Оған біраз уақыт керек, жарты жыл бола ма, екі-үш ай бола ма, соңында екі мемлекет ішкі рәсімдердің аяқталғанын бір-біріне хабарлайды. Содан бастап келісім заңды күшіне енеді. Барлығы екі елдің мемлекеттік органдарына байланысты. Біз өз тарапымыздан тездетуге тырысамыз. Қытай тарапынан да жауап күтеміз", - деді Смадияров бүгінгі брифингте.
Оның айтуынша, Қазақстанда осы келісімді бекіту туралы үкімет қаулысы қабылдануы керек.
Айта кетері, екіжақты келісім бойынша қазақстандықтар Қытайға, ал ҚХР азаматтары Қазақстанға визасыз бара алады. Шекарадан өткен сәттен бастап 30 күннен және 180 күндік кезеңде 90 күннен аспайтын мерзімде визасыз жүруге болады. Ал одан ұзағырақ қалу үшін визаны рәсімдеу керек. Визасыз режим Қытай азаматтарына Қазақстанда жұмыс істеуге құқық бермейді.
Визасыз режим Қытай азаматтарына Қазақстанда жұмыс істеуге құқық бермейді – СІМ