АСТАНА, 29 мамыр – Sputnik. Қазақстанда экономикалық құқықбұзушылықтар бойынша бірнеше еселенген айыппұл енгізу ұсынылып отыр. Бұл туралы әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тиісті өзгеріс кейбір заңнамалық актілерге Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасында қарастырылған.
"Жазаның пропорционалдылығын, сондай-ақ бас бостандығынан айырудың баламасын қамтамасыз ету мақсатында кейбір қылмыстық құқықбұзушылық, атап айтқанда экономикалық құқықбұзушылықтар бойынша бірнеше еселенген айыппұлдар енгізіледі", - деді Мұқанова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 189-бабы "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу", 190-бабы "Алаяқтық", 234-бабы "Экономикалық контрабанда", 236-бабы "Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару", 245-бабы "Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару", 253-бабы "Параға коммерциялық сатып алу" туралы сөз болып отыр.