Ақтөбеде деструктивті діни ағым өкілдері сотталды

Sputnik
АЛМАТЫ, 29 мамыр – Sputnik. Ақтөбеде деструктивті діни ағымның 8 жақтаушысы сотталды, деп хабарлады облыстық прокуратура.
"Облыстық прокуратура жат ағым жетегінде жүрген 20 мен 36 жас аралығындағы 8 адамның ісін сотқа жолдады. Оларға ҚР ҚК-тің 194-бабы 2-бөлігінің 1,2,3-тармағы, 192-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы (қарақшылық және қорқытып алу) бойынша айып тағылды", - деп жазылған хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктілердің бұрын сотты болғаны анықталды. Олар адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, Ақтөбе қаласының тұрғындарынан мүліктер мен ақшалай қаражаттарды күш қолдану арқылы иемденгені анықталды.
"Күдіктілер (сотталушылар) былтыр маусымда Ақтөбе тұрғынының үйіне келіп, пышақпен қорқытқан. Жәбірленушіні автокөлікке отырғызып алып, өздері жалға алған техникалық қызмет көрсету станциясына апарып, 2 млн теңге ақшасын тартып алған. Онымен қоймай жәбірленушінің атына тауарлық кредиттер рәсімдеген", - дейді облыс прокурорының көмекшісі Өркен Ещанов.
Сондай-ақ күдіктілер былтыр шілде айында Ақтөбе қаласында қылмыстық әрекеттерін жалғастырған. Олар тағы бір ер адамды үйінен алып кетіп, оны техникалық қызмет көрсету станциясына апарған. Одан ақша талап етіп, жәбірленушінің қаражаты жоқ екеніне көздері жеткен соң жәбірленушінің әкесіне тиесілі ВАЗ 21140 автокөлігін заңсыз иемденген.
Сот оларды кінәлі деп танып, әрқайсысына 7 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Атырауда деструктивті діни ағым өкілі көлік контрабандасымен айналысқан