Италиялықтар қазақтың ұлттық киімі мен зергерлік өнеріне тәнті болды

Sputnik
АСТАНА, 28 мамыр – Sputnik. Италияның астанасы – Рим қаласында қазақстандық дизайнерлер мен зергерлердің топтамалары таныстырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстанның елшілігінде ұйымдастырлған шараға итальяндық дизайнерлер, өнертанушылар, суретшілер, дипломатиялық корпус өкілдері, журналистер және тағы басқа 100-ден астам жиналды. Топтамалардың таныстырылымы "Салт-дәстүр және заманауи Қазақстан – ғасырлар тоғысында" тақырыбымен өтті.
Римде өткен көрсетілім
"Осы шараның негізгі мақсаты – итальяндық аудиторияны сәндік-қолданбалы өнерде болып жатқан үрдістер арқылы Қазақстанның ұлттық салт-дәстүрімен таныстыру, себебі ол кез келген мәдениеттің құрамдас бөлігі және қалыптасу құралы болып табылатын бірегей тарихты, дәстүрді және ұлттық мұраны бейнелейді", - дейді ұйымдастырушылар.
Римде өткен көрсетілім
Таныстырылым кезінде алдымен "Tekemet-Syrmak" компаниясының киізден жасалған бұйымдары көрсетілді. Соның ішінде заманауи технологиямен үйлестірілген дәстүрлі қолөнер арқылы жасалған шапандар мен шарфтар бар.
Одан кейін қазақстандық сәнгерлер көпшілік назарына Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, белгілі суретші-зергер Нұрдос Әлиасқаровтың әшекей бұйымдарын ұсынды. Ұлттық нақышта жасалған сырға, білезік сынды әйелдердің түрлі әшекейлері көрсетілді.
Римде өткен көрсетілім
Ал этно-дизайнер Тәрбия Айдымбаеваның әйелдер мен ерлер шапандарының топтамасын шығарды Таныстырылым қалыңдықтың дәстүрлі той киімін көрсетумен аяқталды. Қонақтар сондай-ақ кілем және басқа да киізден жасалған бұйымдар көрмесін тамашалады.
Римде өткен көрсетілім
Қонақтарға концерттік бағдарлама да ұсынылды. Қазақстандық студенттер А. Бабағұлова, А. Қадыржанов және Т. Құралов атақты қазақ композиторларының күйлерін орындады. Ал опера әншісі Л. Әли "Бұлбұл" әнін шырқады. Халқымыздың ұлттық киімдерін Италия университеттерінде оқитын қазақстандық студенттер көрсетті.