АСТАНА, 27 мамыр – Sputnik. Астанада кәсіпкер рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағаны үшін жазаланды, деп хабарлады елордадағы Нұра ауданының әкімдігі.
"Қоқыс тиеген КамАЗ-ды "Нұра" ауданын айналып өту кезінде әкімдік қызметкерлері байқап қалды. Көлік қоқысты түсіру үшін бос жатқан жерге бара жатқан. Пайдаланылған құрылыс материалдарын рұқсат етілмеген жерге лақтыру фактісі тіркеліп, қоршаған ортаны қорғау полициясына жолданды", - деді ведомство.
Көлікке иелік еткен ұйым анықталып, жауапкершілікке тартылды. Енді кәсіпкер әкімшілік айыппұл төлеуі керек.
"Нұра ауданында қоқыс жиналатын негізгі 8 нүкте анықталды. Біз бұл мекенжайларды тұрақты түрде қадағалап отырамыз. Жүйелі жұмыстың арқасында қаланы ластап жатқан кәсіпкерлердің бірін анықтадық. Мысалы, бір күн бұрын бұл учаскені аралап шықтық. Ол кезде бұл "қоқыс аралы" болған жоқ, яғни бір түнде пайда болды. Бұл бағыттағы жұмыстарды аудан көлемінде жалғастырамыз", - деді аудан әкімінің орынбасары Руслан Оралов.
Айта кету керек, Астанада құрылыс және басқа да ірі көлемдегі қалдықтарды шығаруға болатын 2 рұқсат етілген полигон бар. Қалдықтарды басқа жерлерге тастауға тыйым салынады.