ҰБТ-2023: смартфонмен кірген елу талапкер тестілеуден шеттетілді

Sputnik
АЛМАТЫ, 26 мамыр – Sputnik. Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 40 мыңнан астам адам тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 70%-і қазақ тілінде, 30%-і орыс тілінде, 50 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды ғылым және жоғары білім мнистрлігі.
ҰБТ басталғалы 76%-ке жуық талапкер шекті балды жинады. 68% талапкер орташа бал жинаған. Ең жоғары балл – 137.
"Негізгі ҰБТ-ның бірінші аптасы аяқталды. Тестілеу 5 шілдеге дейін өтеді. Естеріңізге сала кетсем, тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда тестіленушілердің басым бөлігі, атап айтқанда, 20%-і "Математика-Физика" пәндер комбинациясын тапсырды. 14%-і "Биология-Химия" комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалатын комбинация – "Химия-Физика", оны 50 адам тапсырған", - дейді ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттіліктері бар 108 талапкер қатысқан.
Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде сертификат қолжетімді болады.
"Бүгінгі таңда 50 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өткендіктен тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 39 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ", - делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетсек, 2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.
ҰБТ – 2023: грантқа құжат қабылдау қашан басталатыны белгілі болды