Жоқ бизнеске грант берген: жұмыспен қамту орталықтарының былығы әшкере болды

Sputnik
АЛМАТЫ, 25 мамыр – Sputnik. Ақтөбе облыстық прокуратурасы ішкі еңбек нарығын қорғау және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мәселелері бойынша жұмыспен қамту орталықтарына тексеріс жүргізді, деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Тексеру барысында бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсалғаны анықталды.
"Жалған жұмыспен қамтудың көптеген фактісі және жалған әлеуметтік жұмыс орындарын құрудың 100-ден астам фактісі анықталды. Сондай-ақ талап етілмеген кәсіптер бойынша ресми оқыту жүргізілген, кәсіпкерлік идеяларды қолдауға гранттар беру кезінде де көптеген заңбұзушылық болған", - деп мәлімдеді Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Өркен Ещанов.
Мемлекет кәсіпкерлік идеяларды қолдау мақсатында 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 225 200 теңге қайтарымсыз гранттар ұсынады. Бағдарламаны іске асырудың негізгі мақсаты – грантты тиімді пайдалану. Алайда, ақтөбелік уәкілетті органдар бұл талаптарды орындамаған.
"Мысалы, жұмыспен қамту орталығы "шағын бизнесті" қолдау мақсатында "Мой сам" автомобиль жуу орнын ашуға 1 225 200 теңге көлемінде грант берген. Бірақ іс жүзінде мұндай орын болмаған. Сондай-ақ жұмыс істеп жүрген адамдарға жұмысынан айрылу бойынша жәрдемақылар негізсіз төленіп келген", - дейді Өркен Ещанов.
Барлық заңбұзушылық бойынша қадағалау актілері енгізілді. Ал заңды белден басқан лауазымды мамандар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылып, кейбірі қызметінен босаған.
Жыл басынан бері 73 мың қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасты