АСТАНА, 25 мамыр – Sputnik. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев соңғы қоңырау күнін 25 мамырға қайтару көптеген өзгеріске алып келетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет кулуарында журналистер келесі жылы соңғы қоңырау 25 мамырға қайтарылуы мүмкін бе деп сұрады.
"Бұл мәселеге қатысты бірінші кезекте мамандар шешім қабылдауы керек. Өйткені бұл жай ғана 25 мамырға қайтара салу емес. Бұл нақты мемлекеттік стандарттың, бағдарламаның 36 аптаға созылуына қатысты дүние. Енді оны бірден қалпына келтіру басқа да өзгерістерге алып келеді. Яғни алты күндік оқу жоспарына немесе пәндегі оқу сағаттарының қысқаруына алып келуі мүмкін. Бұл жай ғана қайтара салатын дүние емес", - деп жауап берді Бейсембаев.
Министр білім саласындағы мұндай шешімді жіті, дұрыс сараптаудан өткізіп барып қана қабылдау керек екенін атап өтті.