Дерекқор

Қазақстандықтар зейнетке қалай ерте шыға алады

Sputnik
Қолданыстағы заңға сәйкес, Қазақстанда ерлер 63 жасында, ал әйелдер 2028 жылға дейін 61 жасында зейнетке шығады. Алайда елімізде зейнетке ерте шығудың басқа да жолдары бар. Толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Әйелдердің зейнет жасы

2018 жылға дейін ана-апаларымыз құрметті демалысқа 58 жасында шығатын. Бірақ үкімет ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіреміз деп зейнетке шығу жасын көтеру туралы шешім қабылдады. Осылайша 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жарты жылға көтеріліп келді. Жоспарға сәйкес, 2027 жылға дейін зейнеткерлік жасы кезең-кезеңмен ұлғайып, 63 жасқа дейін жетуге тиіс еді. Алайда бұл өзгеріс қоғам наразылығын тудырды: әйелдер көшеге шығып, зейнет жасын төмендетуді талап етті. Бұқараның үні президентке де жетті. 2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деп белгілеуге тапсырма берді. Көп ұзамай тиісті заң да қабылданды.
Осылайша 2023 жылдан бастап 2028 жылға дейін әйелдер 61 жасында зейнетке шығады. Бес жылдан кейін зейнеткерлік жас жарты жылға көтеріліп, 2031 жылы 63 жасқа жетеді деп жоспарланып отыр.

Кімдер зейнетке ерте шығады

Көпбалалы аналар
бес және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жаста.
Семей полигонының тұрғындары
Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз мен 1963 жылғы 5 шілде аралығында кемінде бес жыл тұрған қазақстандықтар: ерлер – 50 жаста, әйелдер – 45 жаста.
Зейнетақы аннуитеті
Зейнеткерлікке ерте шығудың тағы бір жолы – зейнетақы аннуитетін рәсімдеу. Зейнетақы шотында ақшасы жеткілікті қазақстандықтар өмірді сақтандыру компаниясымен келісімшартқа отырады.
Зейнетақы аннуитеті ерлер мен әйелдерге зейнетке 8 жылға ерте шығуға мүмкіндік береді. Яғни ерлер – 55 жаста, ал әйелдер 2023-2028 жылдар аралығында – 53 жаста.
2023 жылы зейнетақы аннуитетін бекіту үшін ер адамдарда 8 млн теңге, ал әйелдерде 10,5 млн теңге болуы шарт.
Сондай-ақ "кейінге қалдырылған" зейнетақы аннуитеті де бар. Ерлер мен әйелдер оны 45 жасқа толғанда сатып алуға құқылы. Ол үшін ер адамдардың шотында кем дегенде 7,2 млн теңге, әйелдерде 9,1 млн теңге болуы керек. Атауы айтып тұрғандай, зейнетақы төлемдері он жылдан кейін бір-ақ, 55 жастан бастап қана төленеді.
Айта кетері, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан тікелей зейнетақы алған кезде, төлемдер салымшының шоттағы ақшасы таусылғанға дейін ғана беріледі. Ал аннуитет рәсімдеген жағдайда зейнетақы төлемдері өмір бойы төленеді.
Бұдан бөлек, кепілдік берілген кезең бар. Оны рәсімдеген жағдайда адам қайтыс болса да, зейнетақы төлемдері туған-туыстарына төлене береді.
Бірлескен зейнетақы аннуитеті
Зейнетақы шотында жинағы аз ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстар үшін бірлескен аннуитет бар.
Неке және отбасы туралы кодексіне сәйкес, ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер жақын туыстар болып саналады.
Әйелдің зейнетақы жинағы аннуитет сатып алуға жетпей тұрса, ол күйеуінің есепшотында артылған қаражатпен қосып, бірлескен зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады. Сол сияқты жақын туыстар да бір-біріне қаражат аударса болады. Бірақ оны тек зейнетақы аннуитеті үшін ғана пайдалануға рұқсат бар.
Мысалы, 55 жастағы ерлі-зайыптыны алайық. Ер адамның зейнетақы шотында 10 млн теңге, әйелде 9 млн теңге жиналған делік. Ал 2023 жылы зейнетақы анниутеті үшін ерлерде 8 млн теңге, ал әйелдерде 10,5 млн теңге болуы шарт. Яғни бұл мысалда әйелдің жинағы жеке зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін жеткіліксіз. Бұл жағдайда ерлі-зайыпты екі жинақты біріктіріп, бірлескен зейнетақы аннуитетін бекіте алады. Сөйтіп екеуі де ай сайын белгілі бір мөлшерде өмір бойы зейнетақы төлемдерін алып тұрады.
Бірлескен зейнетақы аннуитетін бекітуді ұсынатын сақтандыру ұйымдарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болуға тиіс.
Мүгедектігі бар және зиянды жұмыста істейтіндер
2023 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жекелеген санаттар үшін зейнетақы аннуитетінің қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар түзету қабылдады. Атап айтқанда мүгедектігі бар және зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайында істейтін азаматтар үшін зейнетақы аннуитеті арзандады.
Осылайша 2023 жылы 55 жастағы ер адамдар үшін зейнетақы аннуитеті 8 млн теңгеден:
1-топтағы мүгедектік үшін 2,4 млн теңгеге;
2-топтағы мүгедектік үшін 3,4 млн теңгеге;
3-топтағы мүгедектік үшін 4,4 млн теңгеге;
зиянды және қауіпті жұмыста істейтіндер үшін 5,3 млн теңгеге дейін төмендеді.
Яғни осы азаматтарға зейнетақы аннуитетін рәсімдеу үшін 8 млн теңге жинаудың қажеті жоқ. БЖЗҚ-дағы шотында жоғарыда көрсетілген сома болса жеткілікті.
Сондай-ақ сақтандыру төлемдері де ұлғайтылды. Сақтандыру төлемдерін индекстеу мөлшерлемесінің ең аз мөлшері 5%-тен 7%-ке дейін, ал кірістілік мөлшерлемесінің ең жоғары мөлшері 6%-тен 9%-ке дейін артты.
Тамара Дүйсенова әйелдердің зейнет жасы қандай жағдайда өзгеретінін айтты