АСТАНА, 23 мамыр – Sputnik. Алдағы қысқа дайындық шаралары аясында үкімет резервінен Көкшетау қаласындағы қазандықтарды жөндеуге 1,9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Primeminister.kz порталына сілтеме жасап.
Бүгінде қалада екі қазандық – 1-АҚ (1977 ж.) және 2-АҚ (1998 ж.) халықты жылумен қамтамасыз етіп отыр. Біріншісі – жалпы қуаты 294 Гкал/сағ болатын 3 газ-мазутты қазандығы, екіншісі – қуаттылығы 280 Гкал/сағ болатын 3 ұнтақ көмір қазандығы. Екеуі де әбден тозған.
"Қысқа дайындық қарсаңында түтін мұржаларын, қазандық қондырғыларын, газ құбырларын, ауа жылытқыштарын жөндеу және басқа да жұмыстары жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2023-2024 жылдардағы және одан кейінгі жылыту маусымы іркіліссіз өтуі қажет", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, Көкшетауда жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы мен жалпы жергілікті экономиканың дамуына байланысты энергияға сұраныс артып келеді. Оны толығымен өтеу үшін жылу электр орталығының құрылысы пысықталып жатыр.