Алматыда денесінің 94%-ін күйік шалған адам аман қалды

Sputnik
АЛМАТЫ, 23 мамыр – Sputnik. Алматылық дәрігерлер денесінің 94 процентінкүйік шалған науқасты аман алып қалды, деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Алматылық Антон есімді тұрғын 30 наурызда көлігін жөндеп жатып күйіп қалған.
"30 наурызда көлігімнің аккумуляторы отырып қалды, оны қуаттандырып жатқанымда өрт шығып кетіп, үстімдегі киімнің бәрі отқаоранды. Қатты күйік шалды, қаншама операцияны бастан өткердім. Екі айға жуық дәрігерлер менің өмірім үшін күресті, бүгінде қалыпты өмірге оралдым – жүре аламын, өзімді күте аламын", - дейді Антон.
30 наурызда күйік алған науқасты Алматының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізді. Ол шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылды, реаниматологтар Антонның өмірі үшін 20 күн күрескен. Науқас мамандандырылған күйік бөлімінде бір айдан астам уақыт жатты, күйік хирургтары оған бір мезгілде аутодермопластикамен некрэктомия отасын жасады. Басқаша айтқанда, олар күйік қабыршағын алып тастап, бүтін терімен жамады.
"Бұл сирек болатын жағдай – бас, бет, мойын, дене, аяқ-қолдың 94%-ының I-II-IIIa-IIIб дәрежелітермиялық күйік шалған", - деді дәрігер-комбустиолог Диас Дәулетбеков.
Антон ауруханада 53 күн жатып, үйіне оралды.
Ажалдың тырнағынан аман алып қалған дәрігерлерге оның алғысы шексіз. Өмірі үшін күрескен 6 маманның еңбегі зор дейді.
Олар: бас дәрігердің емдеу бөлімі бойынша орынбасары Нұржан Биқоңыров, жансақтау бөлімінің меңгерушісі Жандос Дәулетбеков, күйік бөлімінің меңгерушісі Елдос Әлменов, комбустиологтар Андрей Федотов пен Диас Дәулетбаев.
Атпал азаматтың аяғынан тік тұруына орта және кіші медициналық персоналдардың да көмегі зор болған.
Алматы облысында жансақтау бөліміне түскен науқас күйіп қалды