Полицейге жала жапқан Семей тұрғыны қамауға алынды

Sputnik
АСТАНА, 19 мамыр - Sputnik. Өзін бопсалады деп полиция қызметкеріне айып таққан Семей тұрғынына сот үкімі шықты.
Іс әлеуметтік желілер арқылы жала жабу бойынша полицейдің рапорты негізінде қаралған.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес ол TikTok әлеуметтік желісі арқылы былапыт сөйлеп, полицейдің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген", - делінген полиция мәліметінде.
Сот отырысында Семей тұрғыны өз кінәсін толық мойындаған.
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен тұрғын Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3 бабы 2-бөлігі "жала жабу" (басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату, адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан іс-әрекеттер) және 434-бабында "ұсақ бұзақылық" (қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу) көзделген құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.