Өңірлер

Қызылордада массаж орталығында сәби парафинге қатты күйіп қалды

Sputnik
ҚЫЗЫЛОРДА, 18 мамыр – Sputnik. Қызылордада массаж орталығында сәби сұйық парафинге қатты күйіп қалып, ол ауруханаға түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Баланың анасы болған жағдай туралы әлеуметтік желіде жазды.

"8 мамыр күні мен баламды "Шипалы алақан" деген жекеменшік массаж орталығына апардым. Онда Әлия есімді маман сәбиімді парафинмен күйдіріп алды, қазір ауруханада жатырмыз", - деп жазды әйел.

Анасының айтуынша, баланың күйген жерлері қабынып, дене қызуы көтерілген. Массаж орталығы оған өтемақы ретінде баланы бірнеше тегін массаж курстарына жазуды ұсынған.
"Олар осы оқиғадан кейін баламды қайтадан сол жерге апарамын деп ойлай ма екен?"- әйел таң қалады.
Қызылордадағы массаж орталығында парафинмен күйіп қалған сәби ауруханаға түсті
Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға түсініктеме береді.
"Қазір бұл бала көпсалалы облыстық балалар ауруханасында емделіп жатыр. Оның жағдайын басқарма мамандары бақылауға алды" – деді басқарма.
Басқарма, сондай-ақ, массаж орталығына түскен шағымға да тоқталып өтті.
"Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасына мемлекеттік емдеу-профилактикалық ұйымдары кіреді. Ал аталған массаж орталығы жекеменшік болғандықтан, бізге бағынышты ұйым емес", - деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Жеке медициналық ұйымдардың қызметін Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі медициналық-фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облыстық басқармасы бақылайтынын атап өтті.
"Жеке медициналық ұйымдарға қатысты шағымды сол жерде қалдыруға болады", - деп түйіндеді денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлер қатты күйік шалған он жасар балаға 19 рет операция жасады