АСТАНА, 18 мамыр - Sputnik. Шетелдік туристер Таиландтағы Пхукет аралының жағалауында қайықпен апатқа ұшырады, олардың арасында қазақстандықтар да бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Таиландтағы Қазақстан консулының мәліметінше, қайықта 4 қазақстандық болған.
"Олардың үшеуіне медициналық көмек қажет болды. Дәрігерлер тексергеннен кейін екі қазақстандық ауруханаға жатқызылды. Олардың жағдайы тұрақты, денсаулығы мен өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ", - делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, барлық медициналық шығындарды қайыққа иелік ететін таиландтық компания өз мойнына алды. Біздің консул зардап шеккен азаматтармен және жергілікті билік органдарымен үнемі байланыста.
Айта кетейік, 33 шетелдік турист мінген қайық көрші аралдардан Пхукетке қарай келе жатқан. Жағалауға жақындаған кезде жоғары жылдамдықтағы қайық теңізге сигнал мұнарасы ретінде орнатылған бетон құрылымына соғылған.