Алматы әуежайын басып алу ісі: куәгер тергеудегі жауабынан бас тартты

Sputnik
АЛМАТЫ, 18 мамыр – Sputnik. Бүгін Алматы әуежайын басып алу ісі бойынша сотта куәгерлердің бірі сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауаптарынан бас тартты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Осы іс бойынша бұл жолы Алматы тұрғыны Әсет Сатыбалдиев куәлік етті. Оның айтуынша, 2022 жылдың 5 қаңтарында кешке ол әуежайға келіп, шлагбаумнан өтіп, әуежай аумағында және әуежайдың жолаушылар терминалында болған.
"Әрі қарай не болатынын білгім келді. Менің нақты мақсаттарым болған жоқ. Халықтың арасында болдым және солармен бірген жүрдім. Ештеңе қиратып, сындырған жоқпын. Терминалдың бірінші қабатында болдым, екінші қабатқа көтерілген емеспін. Онда не болып жатқанын өз көзіммен көрген жоқпын", – деді куәгер Әсет Сатыбалдиев.
Куәгер сонымен қатар әуежайдың шлагбаумында белгісіз адамдардан: "ҰҚШҰ әскерлерінің келуіне және әуежайға ұшақтардың қонуына жол бермеу керек" деген әңгімені естіп қалғанын айтты. Бұл ретте ол сотталушылардың ешқайсысын танымайтынын мәлімдеді, өйткені ол түнде олардың жүздерін көрмеген.
Алматы әуежайын басып алу ісі бойынша сотта куәгерлердің бірі сотқа дейінгі тергеу барысында берген айғақтарынан бас тартты. Іс бойынша Алматы тұрғыны Әсет Сатыбалдиев куәлік етті
Ал прокурор Бекзат Сейтімбет куәгердің сотқа дейінгі тергеуде және сотта берген айғақтарының әр түрлі екеніне назар аударды. Қарама-қайшылықтар болмауы үшін ол Әсет Сатыбалдиевтің айғақтарын оқып берді. Онда айтылғандай тергеу барысында куәгер екі адамды сипаттаған.
Алайда, сотта куәгер жауап алу кезінде оған қысым жасалғанын және қазір сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауабынан мүлдем бас тартатынын айтты.
Ол бұған дейін құқық қорғау органдарына өзіне қысым көрсетілгенін айтып шағымданбаған.
Сондай-ақ, сотта қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеу барысында Сатыбалдиев пен айыпталушы Әйгерім Тілеужанова арасындағы көзбе-көз беттестіру кезіне назар аударды. Ол кезде екеуі де куәгер мәртебесінде болған.
"Ол кімге куәлік етеді? Куәгерге қатысты. Екі куәгер арасындағы көзбе-көз беттестіру – бұл абсурд. Құрметті сот, мұнда іс жүргізу тәртібі анық бұзылған. Алдағы уақытта қорғаушы тарап оны алып тастау туралы өтініш жасайды", – деді адвокат Абзал Айдарханов.
Адвокаттың дәлелдерін тыңдап, судья Марат Кәкімжанов қорғаушы тараппен келісіп, көзбе-көз беттестіруде күдікті мен куәгердің айғақтары арасындағы қарама-қайшылықтар жойылатынын айтты.
Судья іс материалдарын зерттеу кезінде сот кейінірек осы жағдайға қайта оралатынын атап өтті.
Еске салайық, бұл іс бес адамға қатысты өтіп жатыр. Олар: белсенділер Әйгерім Тілеужанова мен Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев және Жанайдар Кәрменов. Оларға әуежайды басып алып, жұмысын тоқтатуға әрекеттенді, ҰҚШҰ әскерлерінің келуіне жол бермеуге бағытталған жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген айыптар тағылып отыр.
Бұған дейін сотталушылар өз кінәсін мойындамайтынын, ал сотта бір-бірімен алғаш рет кездескендерін мәлімдеген.
Қаңтар оқиғасы
Қаңтар оқиғасы: Алматы әуежайын басып алғандарға қатысты сот әлі жалғасып жатыр