Қазақстанның қорғаныс министрлігі еліміздің қарулы күштерінің басшылығымен оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Жиын барысында өңірлік қолбасшылықтар және әскери бөлімдер мен құрамалардың қолбасшыларына қазіргі қарулы қақтығыстар жағдайында жауынгерлік іс-қимылдар жүргізудің жаңа нысандары мен әдістері ұсынылды.
"Іле" полигонында мұндай әскери құрылымдарды басқарудың жерасты пункті алғаш рет көрсетілді.
Қорғаныс ведомствосы хабарлағандай, нысан шамамен екі гектар аумақта жер астында орналасқан. Ішінде үш жүзге жуық әскери қызметші ұзақ уақыт бойы өмір сүре алады. Сонымен қатар оған алпысқа жуық арнайы және әскери техниканы орналастыруға болады. Мұндай әскери пункттің артықшылығы – оның жер мен аспаннан толық көрінбеуі.
Онда әскери инфрақұрылымнан бөлек фельдшерлік пункт, жылжымалы ас үй, монша, қол жуғыштар, дәретханалар бар. Әскери қызметшілерге киімдерін ретке келтіруге, тіпті шаштарын қиюға арналған бөлмелер де қарастырылған.
Қазақстандық әскерилерге тағы қандай жаңашылдықтар көрсетілгенін біздің видеодан көруге болады.