ОРАЛ, 15 мамыр - Sputnik. Орал қаласындағы ірі аудандардың бірінде төтенше жағдай жарияланды. Апат Мөңкеұлы шағын ауданының қазандығында болды. Бұл қазандық 18 көпқабатты үйге жылу мен ыстық су береді.
Апат салдарынан тұрғындар ала жаздай ыстық су көрмеуі мүмкін.
"Біз апатты "Жайықтеплоэнерго" АҚ күшімен жойдық. Бірақ бұл мәселені шешпейді. 3 қазандықтың жылу желілері апатты деп танылды, оларды жөндеуге 500-600 миллион теңге қажет. Қазір біз жобалық-сметалық құжат жасаймыз. Аптаның соңына дейін оны аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қаражат бөлінеді", - қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.
Қала әкімінің айтуынша, мәселе әу баста шағын ауданды жоспарлау кезінде дұрыс шешілмеген. Құрылысы 2010 жылы басталған кезде дренаждар қарастырылмаған.
Жауын-шашын мен қар еріген кезде құбырлар суда қалған, салдарынан құбырларды тот басып, шіріп кеткен. Кесірінен осы қыста 50-ден астам апат болды.
Мәселені шешу үшін 2,5 мың метр жылу желілері мен ыстық су құбырларын ауыстыру қажет. Жөндеу жұмыстары 15 қыркүйекке дейін, жылыту маусымы басталардан тек бір ай бұрын ғана аяқталады деп жоспарланып отыр.
Оған дейін 18 көппәтерлі үй, яғни 3,5 мың абонент ыстық сусыз қалады.