Қоғам

Енді мүгедектік бойынша жәрдемақыны 1 күн ішінде алуға болады

Sputnik
АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау" мемлекеттік қызметін толығымен автоматтандырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл аталған қызмет түрін көрсету мерзімін 1 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Бұған дейін бұл қызметті "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" қызметкерлері көрсететін және оның мерзімі 8 жұмыс күні болатын. Осы жылдың ақпан айында аталған жәрдемақыны тағайындау туралы өтінішті қарау автоматтандырылды, бұл 4 жұмыс күні ішінде қызмет көрсетуге мүмкіндік берді.
Келесі кезең адами факторды толығымен алып тастау болды. Мамыр айының басынан бастап мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы жүргізіледі.
Қазірдің өзінде жаңа жеңілдетілген тәртіп бойынша осы қызмет түрін 244 адам пайдаланған.
Қызметті проактивті форматта 1414 бір ғана SMS-хабарламасына жауап беру, жәрдемақыны проактивті ресімдеуге келісім беру және банк шотын растау арқылы алуға болады. Қызмет көрсету үшін барлық қажетті мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен келіп түседі.
Еске сала кетейік, наурыз айында дәл осындай қағида бойынша "Алтын алқа" немесе "Күміс алқамен" марапатталған аналарға жәрдемақы тағайындау автоматтандырылды. Бұл қызмет көрсету мерзімін 1 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Осы жылдың соңына дейін бұл тәсілді тағы 2 басқа мемлекеттік қызмет бойынша іске асыру жоспарланып отыр.
Қыркүйектен бастап үш санат бойынша жәрдемақы өседі – Тоқаев тапсырма берді