Дизель құйылған резервуарға найзағай түсті

Найзағай түскеннен кейін жер асты жанармай қоймасынан түтін көтерілді
Sputnik
АСТАНА, 14 мамыр – Sputnik. Шымкенттің жанар-жағармай құю бекеттерінің біріндегі жер асты дизель отыны қоймасына найзағай түсіп, өрт сөндірушілер оқиға орнына шақырылды, деп хабарлады Otyrar.kz.
"Тұран" ауданындағы оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалпы сыйымдылығы 23 тонна жанармай құю станциясындағы резервуардан түтін көтеріліп жатқанын анықтады. Жанармай сақтауға арналған жер асты қоймада 11 тонна дизель отыны болған.
Шымкентте дизель құйылған резервуарға найзағай түсті
"Ашық от болған жоқ. Дизель отынының тұтануына жол бермеу үшін көбік құйылып, цистерна салқындатылды", - деп хабарлады Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті.
Өрт сөндірушілер резервуарды қысқа мерзімде – 15 минуттан аз уақыт ішінде қауіпсіздендірді. Оқиға орнында Шымкент қалалық өрт сөндіру қызметінің жеке құрамындағы 13 адам мен 2 техника жұмыс істеді.