АСТАНА, 14 мамыр – Sputnik. Қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында ел қоржынына төртінші алтын салды.
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Қазақстан боксшысы Нұрбек Оралбай Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатханмен жекпе-жекке түсті. Оралбай үш раундта да қарсыласынан басым түсті.
Сонымен, бокстан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынында 4 алтын, бір күміс медаль бар.
Айта кетсек, бүгін 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жекпе-жекке түскен қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан өзбекстандық Ойбек Джураевпен шаршы алаңға шығып, қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. "Қазақтың Ломаченкосы" деген лақапатқа ие қазақстандық боксшы қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді.
71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Асланбек Шымбергенов өзбекстандық Саиджамшид Джафаровпен жекпе-жекке түсті. Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны бірінші және үшінші раундта қарсыласынан басым түсті. Төрешілердің бірауызды шешімімен жеңімпаз деп танылды.
Кешегі финалда грузиялық боксшымен қолғап түйістірген Санжар Тәшкенбай ел қоржынына алғашқы "алтынды" салған еді. Ал 67 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық Дулат Бекбауов өзбек боксшысы Асадхудж Муйдинхуджаевтен жеңіліп қалып, күміс жүлдеге ие болды.