АСТАНА, 13 мамыр – Sputnik. Павлодар облысында 12 жастағы жасөспірім өрттен көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қайғылы оқиға 11 мамыр күні Успенск ауданының Галицкое ауылында болған. Жер үйде шыққан өрттен жасөспірім көз жұмып, 36 жастағы ер адамды күйік шалды. Ол 30 процент күйікпен ауруханаға жатқызылды.
"Өрт түнде болған. Үш балалы отбасының үйі өртенді. Қою түтіннен бірінші болып әйел оянған. Күйеуі екеуі екі баланы сыртқа шығарып үлгерген. Ал үшінші бала жалын үйді толықтай шарпығандықтан іште қалды", - деп баяндады мән-жайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Ведомство мәліметінше, өрттің шығуына электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбау себеп болған.
Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодексінің 292 бабы "Өрт қауіпсіздігі ержелерін бұзу" бойынша іс қозғалды.