Дерекқор

Қаз дауысты Қазыбек би туралы не білеміз

Қазақ халқының XVII – XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Қазыбек би жайлы толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Sputnik

Қазыбек бидің өмірбаяны

Қазыбек Келдібекұлының өмір сүрген жылдары, оқыған жерлері туралы нақты дерек жоқтың қасы. Тарихи деректер бойынша Қазыбек би 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Тағы бір мәліметте 1665 жылы туғаны жазылған. Орта жүздің арғын тайпасы қаракесек руынан шыққан. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек есімдері елге белгілі әділ билер болған.
Қазыбек би XVIII ғасырдың 40-жылдарының басында Сыр бойынан Арқаға қарай көшіп, Ұлытау, Қарқаралы өңірін қоныс қылып, Семізбұғы тауының беткейлерін жайлаған. Қазыбектен: Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет есімді бес ұл, Маңқан (Қамқа) деген бір қыз туған. Қазыбек ұрпақтары ата-баба жолын қуып, сөз ұстаған парасатты әділ қазы атанған. Баласы Бекболат, одан кейінгі Тіленші, Алшынбайлар да дүйім жұртты аузына қаратқан әділ де тура билер болған. Белгілі әнші-композитор Мәди Бәпиұлы да Қазыбек бидің ұрпағы.
Ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер Қазыбек бидің өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады.
Қазыбек би әз Тәуке ханның тұсында "Билер кеңесінің" мүшесі болған, Төле би, Әйтеке билермен бірге "Жеті жарғы" заңдар жинағын шығаруға атсалысқан. Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хан ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңес беріп отырған.
Ел "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" нәубетіне ұшырап, қатты күйзеліске түскен кезеңде Қазыбек би өзге де билермен бірге Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың, Барақ, Батыр, Абылай сұлтандардың арасын жарастыруға күш салды, оларды өзара ынтымаққа шақырды. Орыс патшасымен достық қарым-қатынас орнатуды жақтады. Абылай сұлтан тұтқынға түсіп қалғанда Қазыбек би оны құтқару үшін қолдан келген барлық дипломатиялық айла-әрекетін жасаған.
Қазыбек би мемлекет істерімен қатар руаралық, сұлтандар арасындағы кикілжің тартыстарға да әділ билігін айтып отырған.

Қазыбек қай жүздің биі

Қазақ шежіресі бойынша қазақ халқы Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүзден құралған. Жүз – қазақ халқының үш ру-тайпалық бірлестіктерінің ортақ атауы.
Орта жүзге арғын, найман, қыпшақ, қоңырат, керей және уақ рулары кірген. Әдетте халық аузында "Алты арыс ел" деп аталады.
Мақсұт Дәуітбаев жинақтаған "Қазақ шежіресі" еңбегінде 1917 жылға дейін Орта жүз рулары қыста Сырдария, Қызылқұм, Қаратау, Мойынқұм өңірлерінде, Балқаш көлінің солтүстігінде, жазда Тобыл, Есіл, Нұра, Торғай, Ертіс, Сарысу өзендері саласының алқабында, Орталық Қазақстанның кең байтақ даласында көшіп-қонып жүргені айтылады.
Үш жүздің өз төбе биі болған. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің бас биі еткен.

Қазыбек би неге қаз дауысты аталып кеткен

Аңыз-әңгімеге сенсек, Қазыбек он төрт жасында Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне ілесіп, алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барады. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек: "Дат, тақсыр!" - деп жұлқынып алға шығады да:
"Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз.
Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!" – депті.
Жас баланың бұл сөздерінен батырлық пен ынтымаққа шақырған ізгілікті аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып: "Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын", – деген екен.
Қазыбектің батылдығы мен шешендігінің арқасында елшілік жау қолындағы 90 тұтқынын босатып, елге олжалы оралған екен.

Қазыбек бидің шешендігі

Ел арасында Қаз дауысты Қазыбек бидің атымен байланысты айтылып жүрген аңыз-әңгімелер мен шешендік сөздер көп. Солардың бірсыпырасын назарға ұсынамыз.
Бірде Қазыбектің тапқырлығына көз жеткізігісі келген бір білгір адам оған: кім жақын? не қымбат? не қиын? деген үш сұрақ қояды. Сонда Қазыбек би оған былай деп жауап қайырған екен:
Тату болса, ағайын жақын, Ақылшы болса, апайың жақын.
Бауырмал болса інің жақын, Инабатты болса, келінің жақын.
Алдыңа тартқан адал асын, Қимас жақын – қарындасың.
Сыбайлас болса, нағашың жақын. Адал болса, досың жақын.
Еркелейтін немерең жақын, Өз ұрпағың - шөберең жақын.
Жан серігің жас кезіңнен, Бәрінен де әйелің жақын....
Алтын ұяң – отаның қымбат,
Құт берекең – атаң қымбат,
Мейірімді анаң қымбат,
Асқар тауың – әкең қымбат,
Туып өскен елің қымбат,
Ұят пен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат...
Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын,
Шанышқылаған сөз қиын,
Дәл осындай жағдайда,
Пана болмас өз үйің.
Жазылмаса дерт қиын,
Іске аспаған серт қиын.
Ақылыңнан адасып,
Өзің түскен өр қиын,
Тентек болса ұл қиын,
Не істеріңді біле алмай
Ашиды сонда бос миың.
Қыпшақ пен Қаракесек елдері жайлауға таласыпты. Осы дауды шешуге ел-жұрт Қаз дауысты Қазыбекті алдырыпты. Аман-саулықтан кейін Қыпшақтың биі:
- Арғынның арық биі сөйле. - депті. Сонда Қазыбек:
- Арық емес қатумын,
Жетімдік көрсе қыз азады,
Бала кезден татумын.
Жаугершілік кезде ер азады,
Көшершілік кезде түйе азады,
Ермен бірге ел азады,
Көктемде бие азады,
Тағындағы хан азады, - депті де, ен жайлауды екі елге қақ бөліп беріп, елдің бәрін риза етіпті.
Балаң жаман болса, Көрінгеннің мазағы емес пе!
Атың жаман болса, Шыбын жанның азабы емес пе!
Қатын жаман болса, Бұл жалғанның тозағы емес пе!
Туған балаң жақсы болса, Тән мен жанның шырағы емес пе!
Мінген атың жақсы болса, Бұл дүниенің пырағы емес пе!
Алған жарың жақсы болса, Жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе!
Төле би тоқсан жасқа келгенде Қаз дауысты Қазыбек сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендері, ойшылдары жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырғанда: Қаз дауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, -дейді Төле би.
- Он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз,он.
Отырғандар "осындай да жұмбақ болады екен-ау" деп таң-тамаша болады. Осы кезде Қаз дауысты Қазыбек "бұл жұмбақты мен шешейін" деп рұқсат сұрайды.
Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман.
Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман.
Үш дегеніміз – үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.
Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман.
Бес дегеніміз – белсеніп шапқан жау жаман.
Алты дегеніміз – асқынып кеткен дерт жаман.
Жеті дегеніміз – жас келіншек жесір қалса, сол жаман.
Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы жаман.
Тоғыз дегеніміз – торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпесе сол жаман.
Он дегеніміз – оңалмас кәрілікке дау болмас деген,- дейді Қаздауысты Қазыбек.
"Дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым", деп Төле би Қазыбекке разы болыпты.

Қазыбек би қайда жерленген

Қазыбек би 1764 жылы Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында 97 жасында дүниеден өткен. Денесін ұлы Бекболат Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлеп, басына құлпытас орнатқан.
Қарағанды облысында бір ауданға, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларында көшелерге би есімі берілген. Тараз бен Астанада қазақтың әйгілі үш биі – Төле, Әйтеке және Қазыбектің ескерткіші орнатылған. Қаз дауысты Қазыбек бидің ескерткіші Түркістан қаласында да бар.
Дерекқор
Төле би туралы қызықты деректер