АСТАНА, 12 мамыр – Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігінің елордалық департаменті АҚШ-тан халықаралық пошта арқылы Қазақстанға есірткі жеткізген бір топ адамды ұстады.
Есірткі ойыншық қорабына басқа зат түрінде салынған. Сәлемдеме штаттардан алдымен Алматы қаласына жіберіліп, одан ары Астанаға жөнелтілген.
Кеден қызметкерлері қораптан ерекше иісі бар қою жасыл өсімдік затын тапты. Сарапшының қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат кептірілген марихуана болып шыққан. Жалпы салмағы – 500 гр.
ҚМА елордалық департаментінің қызметкерлері есірткіні тәркілеп, күдіктілерді ұстау үшін орнына макет салған. Сәлемдемені Астана қаласының тұрғыны қабылдап, одан әрі орау үшін басқа азаматқа берген.
Күдіктілер сәлемдемені қабылдау-тапсыру кезінде ұсталды. Қазір олар уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.