АЛМАТЫ, 11 мамыр – Sputnik. Алматы облысында жауырыны жерге тимеген балуандар белдесуі өтті, деп хабарлайды өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қонаев қаласының орталық алаңында өткен турнирге аймақтың түкпір-түкпірінен салмағы 90 келіден жоғары 28 балуан қатысты. Олардың барлығы өз өңірінде үздік үштіктен көрінген спортшылар.
"Қонаев қаласының намысын қорғаған Мәди Еділбаев "Алатау арланы" атанып, 5 000 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ол енді республикалық турнирде Алматы облысының атынан шығады", - дейді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ал Еңбекшіқазақ ауданының балуаны Нұрғали Жолтаев екінші орын алып, 1 000 000 теңгенің сертификатын жеңіп алса, Балқаш ауданынан келген Әлімжан Жұмахметов үшінші орынды иеленіп, 500 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Айта кетері, "Алатау арланы" деп аталған білектілер додасы "Қазақстан барысы" республикалық турниріне жолдаманы сарапқа салу үшін ұйымдастырылды.