АСТАНА, 6 мамыр – Sputnik. Жамбыл облысында қатты жел "Қазақтелеком" мен поштаның шатырын ұшырып әкетті.
Төбе жабындысы сол маңнан өтіп бара жатқан әйелдің басына құлады, деп хабарлайды КТК арнасы.
Төтенше жағдай Жамбыл ауданында болған. Басына шатыр құлаған 57 жастағы әйел жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы ауыр.
"Тараз қаласынан нейрохирург пен реаниматолог шақырылды. Алдын ала мәліметке сәйкес, жұлынына зақым тиген, сынған жері бар сияқты", - дейді мамандар.
Айта кетері, бұған дейін синоптиктер дабылды ескерту жариялаған болатын. Облыс орталығы Таразда екі күннен бері дүлей дауылдан ағаш сынып, электр желілері үзілген.